Қазгеология Marubeni компаниясымен инвестиция мәселелерін талқылады

2019 жылғы 04 желтоқсанда «Қазгеология» АҚ конференц-залында Басқарма Төрағасы Алмаз Абдыгалимов Marubeni Жапония компанияларының өкілі Соки Бабамен кездесті. Соки Баба Marubeni Europe plc. металдар және минералдық ресурстар бойынша бөлімшесінің бас менеджері болып табылады.

Marubeni – Жапонияның сауда компаниясы. Ол елдің аса ірі компанияларының бірі. Компания ассортименті сан алуан: киім мен азық-түлік өнімдерінен бастап, болат және химиялық материалдарға дейін өндіреді. Басты кеңселері  Токио мен Осакада орналасқан. Жапонияда 30 бөлімшесі және дүние жүзінің 79 елінде 150-ден астам офисі бар. Жоғары білікті қызметкерлердің саны 8,5 мыңнан астам.

Marubeni Europe plc қызметкерлері осы кездесуге арнап, компания мен оның қызметі туралы таныстыру материалдарын дайындады. Сондай-ақ, таныстыру барысында компанияның негізгі мақсаттары мен міндеттері ашып көрсетілді. Сонымен қатар, таныстыруда жұмыс істеп тұрған жобалар мен табысты инвестициялар тарихы туралы ақпарат қамтылды.

Таныстырымды көргеннен кейін тараптар никель, кобальт және мыс сияқты металдар өндірудің маңызды мәселелерін талқылауға кірісті. Меймандар Қазақстанның геологиялық барлау саласындағы перспективалы жобаларымен танысып, өздерінің Қазгеологиямен ынтымақтастық жасауға мүдделілігін білдірді.