ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешов пен “Қазгеология” АҚ Басқарма Төрағасы Алмаз Абдыгалимов Қазақстан-түрік бизнес форумына қатысты

2019 жылғы 10 қарашада Стамбұл қаласында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Санжар Жаркешов пен «Қазгеология» АҚ Басқарма Төрағасы Алмаз Абдыгалимов Қазақстан-түрік бизнес форумына қатысты.

«Түркия ұзақ жылдар бойы әртүрлі салаларда Қазақстанның бизнестегі тұрақты әріптесі болуда. Біз әрқашанда Түркиямен бірлескен бизнес жобаларды іске асыруға әзірміз, өйткені ол әлемдік нарықтағы табысты дамыған елдердің бірі. Бизнес форум бірлескен бизнес идеяларды іске асыру үшін жаңа серпін береді.» – деп атап өтті Алмаз Абдрашевич.

Бизнес форумына Қазақстан мен Түркия іскерлік топтарының 600-ге жуық өкілі қатысты. Форум шеңберінде инфрақұрылым, индустрия, экономика және қаржы салаларында іске асырылатын маңызды екіжақты жобаларға қол қойылды.

Бизнес форумының шеңберінде «Қазгеология» АҚ Басқарма Төрағасы Алмаз Абдыгалимов «Demir Export» компаниясының бас директоры Рамазан Ионмен, «Yildizlar SSS» компаниясы қаржы қызметінің басшысы Фетхи Агалармен және  «Esan Group» компаниясының бас директоры Сеприль Демирель ханыммен кездесті.

Келіссөздер барысында геологиялық барлау саласында ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру мәселелері талқыланды. Минералдық қорларды өндіру жөніндегі геологиялық барлаудың өзара тиімді бизнес жобалары қаралды. Түрік бизнес әріптестері Қазақстанның аумағында бизнес жобаларды іске асыруға зор мүдделілік білдірді.

«Қазгеология» АҚ

Баспасөз қызметі